Астана Медицина Университеті кітапханасы – шығармашылық, инновациялық кітапхана, университет өмірімен тығыз байланыста, оқу, оқыту және ғылыми зерттеулерге біріктірілген, сондай-ақ көптеген электрондық платформаларға қолжетімділікті қамтамасыз ететін және университеттің интеллектуалдық ресурстарын насихаттайтын мекеме.
Біздің кітапхана университеттің оқу бағдарламаларына сәйкес келетін кітап қорын және заманауи электрондық ресурстарды ұсынады, сондай-ақ оқытушылар мен кафедралармен үздіксіз байланыста болып, білім алушылардың қажеттіліктерін зерттейді.
Кітапхана қоры 493 528 дана оқу, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттерден тұрады, оның ішінде қазақ тілінде – 136 804 дана, орыс тілінде – 329 914 дана, ағылшын тілінде – 26 810 дана. Сондай-ақ білім алушыларға әртүрлі саладағы мерзімді басылымдарға қолжетімділік ұсынылған.
Осы жылы кітап қоры 12 мың кітаппен толықты, оның ішінде 7030 дана мемлекеттік тілде. Біздің кітапханамыздың маңызды жаңалықтарының бірі – америкалық хирург-дәрігер Фрэнк Неттердің «Адам анатомиясының атласы» атты кітабының 360 данасын сатып алу болды. Фрэнк Неттердің «Анатомия атласы» соңғы 30 жыл бойы медицина студенттері үшін адам анатомиясы бойынша ең үздік және ең танымал оқулық болып келеді. Бұл кітапта анатомияның клиникалық маңыздылығына баса назар аударылған, бұл студенттерге адамның дене құрылымын болашақ дәрігер ретіндегі кәсіби дамуына қажетті тұрғыда зерттеуге мүмкіндік береді.
Астана Медицина Университетінің кітапханасы ақпараттық-білім беру және мәдени орталық бола отырып, сапалы білім алуға және денсаулық сақтау саласында жоғары білікті мамандарды даярлауға барынша қолдау көрсетеді.
Кітапхананың барлық қызметі оқырмандарға жайлы жағдай жасап, қажетті ақпаратты алуын және қызметкерлердің тиісті назарын сезінуін қамтамасыз етуге бағытталған.